Рудный қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында «Таза жағалау» акциясы өтті.

Қатысушылар үшін би жаттығуларын өткізген Жастар ресурстық орталығының балалары оң көзқарас танытты.
Әлеуметтік сала қызметкерлері, қалалық мәслихат, әкімдік депутаттары, ардагерлер, жастар еңбек жасақтары, колледж студенттері, еріктілер мен үкіметтік емес ұйымдар қатарынан 250-ден астам адам Тобыл өзенінің жағалауын тазалауға шықты. Жұмысқа 4 бірлік техника жұмылдырылып, полигонға 20 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы ағымдағы жылдың сәуір айынан басталды.
Акция басталғаннан бері аумақтарды абаттандыру ережелерін сақтау бойынша мониторингтік топ мүшелері белсенді жұмыс жүргізуде, барлығы ережені бұзушылықтарды жою бойынша 515 ұйғарым берілді, оның ішінде 415 ескерту жойылды.
Алайда, әртүрлі нысандар мен тұрғындардың 100 өкілі нұсқамаларды елемей, айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Барлық тұрғындарды азаматтық жауапкершілік танытуға және аумақтарды тазалауға белсенді қатысуға шақырамыз.