Тұрғын үй көмегін тағайындау «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңымен реттеледі. Рудный қаласының, Қашар, Горняцк және Перцев кенттерінің аумағында тұрақты тіркелген, Қазақстан Республикасында жалғыз тұрғын үйі бар аз қамтылған азаматтар көмек алуға құқылы. Бұл шарттардың біріншісі.
Екінші шарт: — тұрғын үйді күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу үлесі отбасының жиынтық табысының 5% — дан аспауға тиіс.
Мысалы: Отбасының жалпы табысы 120 000 теңге, жалпы табыстың 5% — ы 6000 теңге, коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын шығыстар 10 000 теңге делік. Осылайша, бір айда тұрғын үй көмегінің мөлшері 4000 теңгені құрайды (10 000 — 6 000 = 4 000).
Тұрғын үй көмегін тағайындау мемлекеттік қызмет болып табылады, құжаттарды қабылдау және нәтиже беру Космонавттар көшесі, 12-үй мекенжайы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүргізіледі.
Тұрғын үй көмегін есептеу бойынша кеңес алу үшін «Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-не Пионерская, 21-үй, № 22 кабинет немесе 2-44-89 телефоны бойынша хабарласуға болады.