15 қараша — Ұлттық валюта күні.

Қазақстан халқы биыл ұлттық валюта — төл теңгеміздің 30 жылдығын атап өтетін болады. Осыған орай, оқырмандарға теңгенің шығу тарихы мен бұл күн елімізде қашаннан бері тойланып келеді деген тақырып төңірегінде деректер ұсынамыз.

1990 жылдары бұрынғы Кеңес Одағы ыдырап, әр республика өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң, тәуелсіз елдер бірінен соң бірі ұлттық валютасын бекітіп, айналымға енгізе бастады. Аталған тарихи оқиғадан Қазақстан да қалыс қалмады. Осылайша, 1993 жылдың 12 қарашасында елімізде ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. 15 қарашадан бастап, ҚР аумағында теңге айналымға енгізіліп, ұлттық ақша ретінде пайдаланыла бастады.

Ұлттық валютаның айналымға енуіне байланысты ел тарихындағы мынадай үш маңызды датаны атап өтсе болады:

  • 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізіледі. Осылайша, ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада сағат 20.00-де аяқталған;
  • 1997 жылдан бері тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың жарлығымен 15 қараша – валюта күні әрі қаржыгерлер күні деп белгіленді;
  • 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгіcін бекітті.

Естеріңізде болса, бір теңгелік банкнотта Әбу Насыр әл-Фарабидің, үш теңгеде — Сүйінбай Аронұлының, бес теңгеде — Құрманғазы Сағырбайұлының, он теңгелік банкнотта — Шоқан Уәлихановтың, жиырма теңгеде — Абай Құнанбайұлының, елу теңгеде — Әбілқайыр ханның, ал жүз теңгеде Абылайханның бейнесі болған еді.

тенге

Еліміздегі ең алғашқы теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының жанында ашылғанын көпшілік біле бермейді. Қазақстан тарихында қазіргі айналымдағы монеталар тұңғыш рет 1998 жылдың қараша айында еліміздің монета алаңында шығарылған. Қазіргі таңда аталған кәсіпорын Ұлттық банктің тапсырысымен, түрлі-түсті металдардан, алтын және күмістен монеталар жасап шығарумен айналысады. Мұндай монеталарға түрлі номиналдағы циркуляциялық, естелік, коллекциялық монеталар және т.б. жатқызылады.

Сонымен қатар, теңге сарайы ұлттық наградалар мен медальдарды дайындауымен де айналысады. Осы жылдар аралығында Қазақстанның төл теңгесінің төрт серися шығарылып, алты номиналға банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шығарылған екен. Бүгінгі таңда республика бойынша 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңгелің банкноттар айналымда жүр. Ал, монеталар қатарында 5-10-20-50, 100 және 200 теңгелік монеталар айналымда.

Төл теңге айналымға енгелі бер 30 жылдан астам уақыт өтсе де, ол тұғырлы тәуелсіздіктің, ел егемендігінің символы болып қала бермек. Жыл сайын атап өтілетін Ұлттық валюта күні соның айғағы болып табылады.

Тағы да оқыңыздар: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2043756-15-qarasa-ulttyq-valyuta-kuni/