Техникалық шарттарды беру тәртібі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығымен бекітілген жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес
Техникалық шарттар— орындау және жылу желілеріне қосылу үшін қажетті техникалық талаптар.
Жылу желілеріне қосу және жылумен жабдықтауға шарт жасасу техникалық шарттардың талаптары орындалғаннан кейін жүзеге асырылады.
Тұтынушылардың объектілерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар мынадай жағдайларда беріледі:
1) жаңадан іске қосылатын объектілерді жылу желілеріне қосу;
2) тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты және қолданыстағы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін тұтынылатын жылу энергиясы санының (немесе жылу жеткізгіш параметрлерінің) өзгеруі;
3) бұрын қосылмаған объектінің жылу желілеріне жалғануы;
4) сыртқы жылумен жабдықтау схемасының өзгеруі.
Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін бес жұмыс күніне дейінгі мерзімде жаңадан салынып жатқан кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, олардың кезектерін немесе жекелеген өндірістерді жылу желілеріне қосуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, жылу тұтынатын қондырғылар мен жылу желілерін реконструкциялауға техникалық шарттар береді.
Техникалық шарттарды алу үшін тұтынушы энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға өтінім береді. Өтінімде мыналар көрсетіледі:
1) объектінің атауы;
2) объектінің орналасқан жері;
3) Тапсырыс беруші ұйымның толық атауы, Мекенжайы және телефоны;
4) жоба болған жағдайда: жобаланатын объектіні сипаттайтын деректер, оны салудың нормативтік мерзімдері және объектіні пайдалануға берудің белгіленген мерзімдері, технологиялық қажеттіліктер, жылыту және желдету, ыстық сумен жабдықтау;
5) тұтыну түрлері бойынша жылу жүктемелерінің сипаттамасы (тұрмыстық тұтыну үшін жылу энергиясын пайдаланатын тұтынушылар үшін техникалық паспорт).
Тұтынылатын жылу энергиясының мөлшерін немесе жылу жеткізгішінің параметрлерін өзгертуді талап ететін тұтынушының жылу тұтыну қондырғыларын қайта жаңарту немесе кеңейту кезінде тұтынушы оларды қосуға арналған техникалық шарттарды алғанға дейін енгізілген өзгерістерді ескере отырып, оны энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жаңа техникалық шарттарды ресімдеуге ұсыну үшін жылумен жабдықтау жобасын әзірлейді
Объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:
1) жылумен жабдықтау көзі, жылу желілеріне қосылу нүктесі, жіберілетін жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
2) басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып, негізгі және резервтік енгізулерді қосу нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері және гидравликалық режим;
3) басқа тұтынушылардың жүктемелерін қосу перспективасын ескере отырып, негізгі тұтынушының жүктемесі (қажет болған жағдайда);
4) қолданыстағы жылу желісінің өткізу қабілетін арттыру қажеттілігі бойынша негіздеме;
5) қайтарылатын өндірістік конденсаттың саны, сапасы және айдау режимі, конденсатты жинау және қайтару схемасы (қажет болған жағдайда);
6) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша талаптар;
7) жылыту-желдету және технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемелерін қосудың жылу схемасы.
Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі тұтынушылардың жылу желілері мен жылу тұтыну қондырғыларын жобалау мен салудың нормативтік мерзімдерін ескере отырып белгіленеді, бірақ бір жылдан кем болмауы тиіс
Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.
Объектінің иесі өзгерген жағдайда, жаңа меншік иесі меншік құқығы тіркелген кезден бастап он жұмыс күні ішінде энергия беруші (энергия өндіруші) және энергиямен жабдықтаушы ұйымға иесінің ауысқаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды. Бұрын берілген техникалық құралдарды қайта ресімдеу
Жылумен жабдықтау шарты және теңгерімдік тиесілік және пайдалану жауапкершілігі шекараларын бөлу актісі қайта ресімдеуге жатады.
Объектілерді жылу желілеріне қосу тәртібі
Жылу желілеріне нақты қосуды энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым тұтынушының жазбаша өтініші бойынша осы жұмысқа ақы төленгеннен кейін (қосу бойынша) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желісіне қосылғанға дейін тұтынушы мынадай әрекеттерді жүзеге асырады:
1) жылу торабын салғаннан кейін, есепке алу аспаптары мен жылумен жабдықтаудың ішкі жүйесін монтаждағаннан кейін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілін кейіннен акт ресімдей отырып, жаңадан монтаждалған жабдықты жуу және сығымдау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қабылдау үшін шақырады;
2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерімен бірлесіп теңгерімдік тиесілік және пайдалану жауапкершілігі шекараларын бөлу актісін ресімдейді;
3) паспортты рәсімдейді және дроссель құрылғыларының (шүмектер, шайбалар) өлшемдерін алады. Дроссель құрылғыларын дайындау нормативтік-техникалық құжаттамаға және алынған есептерге сәйкес жүргізіледі. Дроссель құрылғыларын орнату кезінде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілін пломбалау үшін шақырады;
4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға алдағы жылыту маусымына жылу тұтынатын қондырғылар мен жылу желілерінің техникалық дайындығы актісін алу үшін жуу, сығымдау және баптау актілерін ұсынады.
Жылумен жабдықтау шарты жасалғаннан кейін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жылумен жабдықтау жүйесіне қосылуға өтінім беріледі.
Қосу энергия беруші (энергия өндіруші) ұйым өкілінің және тұтынушының қатысуымен, кейіннен оны бір жұмыс күні мерзімінде энергиямен жабдықтаушы ұйымға бере отырып, қосу актісін ресімдей отырып жүргізіледі.